Барлық бала ерекше

2022 жылдың 2 сәуірінде Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин 2008 жылдан бері атап өтілетін Дүниежүзілік аутизм туралы хабардар ету күніне арналған (World Autism Awareness Day) Алматыдағы «Аутизмді жеңеміз!» орталығы тәрбиеленушілерінің концертіне қатысты.

Аутизм спектрінің бұзылуы (АСБ), медициналық тілмен айтқанда аутизм – ең алдымен әлеуметтік, коммуникативті функциялардың бұзылуымен сипатталады. Көптеген баланың интеллектуалдық және эмоционалдық дамуында айтарлықтай ауытқулар байқалады, сөйлей алмайды, моторикасы бұзылған. Бала сыртқы әлеммен байланыс жасауға ұмтылмай, өзінің әлемінде өмір сүреді. Сондықтан қалыпты ортада мұндай бала біртүрлі әрі дәрменсіз болып көрінеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) есебінше,  орташа алғанда, 100 баланың бірінде аутизм спектрі бұзылуының қандай да бір түрі бар. Басқа зерттеулерде одан да сұмдық деректер келтірілген. Мәселен, АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметтері бойынша, АСБ әрбір 44-ші балада кездеседі. Оның үстіне, қыздарға қарағанда аутизм диагнозы ұл балаларда төрт есе жиі кездеседі.

Аутизмнің негізгі себептерінің арасында генетикалық (тұқым қуалаушылық) және экологиялық (қоршаған ортаның әсері) факторлар бар. Дегенмен ғалымдар бұл аурудың жалпы дамуының жағдайын және оның жеке белгілерін әлі толық түсіндіре алмай отыр.

Әйтсе де, «Добровольное общество «Милосердие» қоғамдық қорының (ОФ «ДОМ») бірқатар жобасының бірі «Аутизмді жеңеміз!» орталығында мұндай балаларды өз әлемінен шығарып, үлкен әлемге бейімдеуді жақсы біледі.

Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзенің (Kaspi.kz компаниялар тобы) көмегімен және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылық қолдауымен қазіргі күні орталықта мамандар 66 баламен жұмыс жүргізіп,  60-қа жуық бала тұрақты негізде оңалту курсынан өтуде.

2021 жылы төрт бүлдіршін қалыпты балабақшаға барды, екі бала жалпы білім беретін мектептің табалдырығын аттады, 9-ы жалпы білім беретін мектепте инклюзия негізінде білім ала бастады, 35 бала өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын меңгерді, 50 балада көз контактісі пайда болды,15 бала барлық пән бойынша ақпаратты талдау және өңдеу, жаңа білімді қабылдау қабілеттерін жетілдірді.

Балалардың физикалық жағдайы жақсарып, футбол жарыстары мен спорттық эстафеталарға қатысып жүр. Сонымен қатар, музыкалық, вокалдық және би қабілеттері дамып, шығармашылық фестивальдерде, көрмелер мен жәрмеңкелерде өз өнерлерін паш етуде.

Міне, 2 сәуір күні Алматы қаласындағы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры кеңсесінің үлкен залында Орталық тәрбиеленушілері сан алуан дарынын көрсетті. Балалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өлең оқып, ән айтты, африкалық барабандар мен фортепианода ойнап, би биледі!

«Genius» балалар орталығы тәрбиеленушілерінің тамаша би нөмірлері концерттің сәніне айналды деуге болады. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің музыканттары балаларға қолдау көрсетіп,  концертке өз үлестерін қосты.

Концерт қонақтары арасында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Samruk-Kazyna Trust» ӘЖДҚ бас директоры Әлфия Әдиева, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, «PERSONA» халықаралық клиникалық репродуктология орталығының жетекшісі Вячеслав Локшин, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жоғары медицина мектебінің директоры Раушан Исаева, Мүгедек балалар ата-аналары қауымдастығының (АРДИ) жетекшісі Әсия Ахтанова, Болат Өтемұратов атындағы қордың директоры Марат Айтмағамбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Константин Авершин және тағы басқалар болды.

Бұл концерт аутизмнен емдейтін ғажайып дәрі жоқ болғанына қарамастан, мамандар мен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың бірлескен еңбегінің арқасында аутизмге шалдыққан балақайлар барлық таланты мен арманын жүзеге асырып, толыққанды және қызықты өмір сүре алатынын дәлелдеді.

Концерттің бейнежазбасын төмендегі сілтеме арқылы Аружан Саинның Facebook парақшасында көруге болады:

https://www.facebook.com/aruzhan.sain/videos/437729054772658