Балаларға – салауатты қоршаған орта

2021 жылдың 7 маусымында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин БҰҰ​ Қазақстандағы ақпараттық бюросының қолдауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  Пан Ги Мун атындағы тұрақты даму институты ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысты. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне (World Environment Day) арналған дөңгелек үстел Zoom платформасында бейнеконференция режимінде өтт.

2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттер 2030 жылға дейінгі кезеңге Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін қабылдады, ол тұрақты даму саласындағы кедейлікті жою, планетамызды қорғау, өмір сүру сапасын жақсарту және әлемдегі барлық адамдардың болашағын жақсартуға бағытталған 17 мақсатты қамтиды.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабына басшылық ететіндіктен Әрекет Декадасы және Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында тұрақты даму бойынша ашық диалог бағдарламасын ұйымдастырды. Дөңгелек үстелде «Қоршаған ортаның балалардың әл-ауқаты мен денсаулығына әсері»,«Қазақстанның экожүйесін қалпына келтіру», «Экологиялық өзгерістердің үй және жабайы жануарлардың тіршілік ету ортасы мен тіршілік ету жағдайына әсері» сияқты тақырыптар талқыланды.

Дөңгелек үстел әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректоры Қанатбек Мұқанов пен БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының Орталық Азия аймағы бойынша жетекшісі Айдай Құрманованың құттықтау сөзімен ашылды.

Спикерлер ретінде сөз сөйлегендер – Айжан Сқақова, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, Властимил Самек, БҰҰ-ның Жаһандық коммуникация департаментінің Қазақстандағы өкілі, Еркебұлан Оразалин, Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы,  Самал Ибраева, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы және Назгүл Шыңғысова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі. Дөңгелек үстел әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Виталий Сальниковтың сөзімен аяқталды.

Балалар омбудсмені Аружан Саинның дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінің кішігірім түзетулер мен қысқарту енгізілген мәтінін жариялаймыз:

Халықаралық ғылыми зерттеулердің нәтижелері балалар тап болатын қауіп-қатерлер және қоршаған орта мен балалар денсаулығының нашарлауы арасындағы байланысқа нақты түсінік береді. Тәуекелдерді азайту және экологиялық жағдайдың балалардың туылуына, дамуына, жеке басы мен ағзасының қалыптасуына әсерін азайту бойынша үкіметтің іс-қимыл жоспарын жасау үшін Қазақстанға ғылыми көзқарастар мен зерттеулерді қажет ететін бағыттарды анықтау осы конференцияның нәтижелерінің бірі болады деп үміттенемін.

Мемлекеттік саясатты қалыптастырушы тұлғалардың балалар денсаулығын қорғауға бағытталған қажетті құралдармен қолдана білуі біз үшін өте  маңызды. Қайталап айтамын: ғылым, зерттеу, аналитика – осы жұмыстың ең маңызды бөлігі. Бүгінгі күні бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін шиеленіскен мәселе болып тұр. Себебі экологиялық қауіп факторлары жеке елде де, елдер арасында да біркелкі емес бөлінген. Экологиялық қаупі жоғары аймақтарда адамдардың үлкен тобына әсер ететін жағымсыз салдар осы аймаққа  тән және кең таралған аурулар немесе патологияларға әкеледі.

Баланың (болашақ ересек адам) сау, толыққанды өмір сүру құқығын құрметтеуден басқа, бұл жұмыс – балалардың денсаулығына инвестиция салу, яғни елдердің адами және экономикалық дамуын қамтамасыз етудің алғышарты болып табылады. Дені сау балалар ұзақ өмір сүріп,  толыққанды жұмыс істеу арқылы ұлттық экономикаға орасан зор үлес қосу мүмкіндігіне ие. Халықтың денсаулығына қоршаған ортаның кері әсерін тигізуге жол берген мемлекет – денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған шығындарды едәуір арттыруы керек. Нәтижесінде экономикалық өсу баяулайды, мемлекеттің әл-ауқаты төмендейді. Орнықты даму мақсаттары тұрғысынан біз балалар денсаулығына ерекше әсер ететін қоршаған ортаның қолайсыз факторларына күш-жігерімізді жұмылдыру үшін нақты мақсаттарды тұжырымдауымыз керек.

Қазірдің өзінде қоршаған орта құрсақта жатқан ұрыққа әсер етеді. Ал жаңа туған нәрестелер денсаулығын сақтауға бағытталған  ерекше назарды әсіресе қажет етеді. Атап айтқанда, жарақаттанудың және респираторлық инфекциялардың дамуын болдырмау, кейіннен қатерлі ісік немесе жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуына әкелуі мүмкін жағымсыз әсерлерден, сондай-ақ ұрпақтар арқылы көрінетін туа біткен ақаулар сияқты ауруларға шалдықпау үшін. Ересектерге қарағанда балалар қоршаған ортаның зиянды факторларына сезімтал келеді, және бұл дене беті немесе массасына байланысты.

Шынымен де, дене салмағы бойынша нәрестелер мен кішкентай балалар үлкендерге қарағанда суды да, тамақты да көбірек ішеді, тіпті, демді де көбірек жұтады. Сонымен қатар созылмалы аурулардың көрінісі мен дамуына көбірек уақыт бар болғандықтан қоршаған ортаның ластануы балалар өміріне тигізген кері әсері ұзақ мерзімді зардаптарға алып келеді. Олардың көпшілігі кумулятивті әсерлерден туындауы мүмкін, яғни көптік әсер ету арқылы – бірнеше факторлардың жиынтығынан немесе жинақталуынан, немесе бүтіндей әсер ету – әр түрлі көзден бір химиялық заттың әсер етуі.

Қоғам, ҮЕҰ шешім қабылдау процесіне қатысып, оған ықпал етуі керек. Сонымен қатар, нарық барған сайын мүмкін болатын саясат пен ауқымды анықтайтынын көріп отырмыз. Мемлекет пен жергілікті қоғамдастық шешімдер қабылдау үдерісінен барған сайын алшақтауда, демек бұл кейде халықтың денсаулығына қайшы келеді.Бұл жағдайда қысқа мерзімді экономикалық пайда қоршаған орта мен денсаулықты қорғау саласындағы тұрақты дамудан гөрі маңызды болып кетуі мүмкін. Қарапайым адам үшін бірнеше ғылымның қиылысындағы экологиялық мәселелерді түсіну қиын. Сондықтан сапалы білім мен байыпты ғылымның, адал саясат пен жауапкершілікті бизнестің болуы өте маңызды екенін айтқым келеді.

Мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде қандай нәтиже күтетінімді шағын мысалмен түсіндіріп өтейін. Бүгінгі күні мамандар дабыл қағуда: Қазақстанда Даун синдромы және басқа да туа біткен аурулармен туылатын балалар саны жыл сайын артып келеді. Оның үстіне мұндай балалар барлық жастағы әйелдерде туылып жатыр. Медициналық генетиктермен сөйлескеннен кейін бұл мәселенің бірнеше көрінетін және айқын себебі бар екенін білдім. Мәселен, ұн немесе йодталған тұз және т.б өнімдерді қолдану арқылы біз бірқатар жағымсыз факторды жүйелі түрде жоя аламыз.