Балалардың құқықтарын қорғау – ведомствоаралық міндет

2021 жылдың 31 наурызында ZOOM платформасында онлайн-режимде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ХХІХ отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин қатысты.

Білім және ғылым министрлігінің (БҒМ) 16 наурызға  жоспарлаған отырысы  екі аптаға кешігіп өтті. Кездесудің модераторы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов болды.

Ведомствоаралық комиссияның XXVII және XXVIII отырысындағы хаттамалық шешімдердің орындалуы жайлы бірінші болып, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, хаттамалық шешімдерде тіркелген 27 ұсыныстың 7-уі орындалды, 7-уінің орындалу мерзімі бар (ұзақ мерзімді тапсырыстар) және 13-і орындалмаған. Баяндамашы орындалмаған нұсқауларға жіті тоқталды, ал модератор Маңғыстау, Алматы және Қызылорда облыстары тапсырманы орындамаудан «чемпион» екенін атап өтіп, осы облыстар әкімдерінің орынбасарларынан мән-жайды түсіндіріп беруін сұрады.

Бұдан кейін денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният «ҚР мектеп медицинасының мәселелері. Білім беру ұйымдарындағы медициналық кабинеттердің мониторингі» тақырыбы бойынша баяндама жасады. Ол 2017 жылы БҒМ-нен ДСМ-не өткен 6066 мектептегі медициналық пункттің желісі түбегейлі өзгеріске ұшырағанын атап өтті: қаржыландыру ұлғайтылды, соның ішінде медицина қызметкерлерінің жалақысы артты, міндетті жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді, оқытушылар мен студенттер міндетті медициналық тексеруден өткізілді. Дегенмен кейбір аймақтарда әлі де бірқатар проблема бар.

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін балалар орталықтарының қызметі бойынша мониторингтік топтар жұмысының нәтижелері бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов сөз сөйледі. Оның айтуынша, кешенді тексерулер нәтижесінде 58 заң бұзушылық анықталды: ЕХӘҚМ желісі бойынша – 25, ДСМ желісі бойынша – 23, БҒМ желісі бойынша –  10.  Қабылданған шаралар: АӘҚКО-ның 5 басшысы қызметінен босатылды, 6-на қатаң сөгіс жарияланып,  оларды ауыстыру ұсынылды.

Оның сөзіне пікір білдірген Балалар омбудсмені Аружан Саин балаларды тамақпен, киіммен, гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету нормаларын арттыруды қарастыруды,  сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру мекемелері қызметкерлерінің жалақысын көтеруді ұсынды. Уәкілді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов қолдап, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тәжірибесімен бөлісті: 20 арнайы мектеп-интернаттың асханасын алған бір кәсіпкер сыбайлас жемқорлықты жойып, балалардың тамақтануын реттеген. Қоғам қайраткері Ақмарал Омралинова өзінің АӘҚКО жұмысымен байланыс жасаудағы жағымсыз тәжірибесімен бөлісті.

Жеке әрі ауыр тақырып – жасөспірімдер арасындағы суицид. Соңғы  6 жылдың ішінде өзін-өзі өлтіруге әрекет жасау фактілері бойынша статистиканы келтіре отырып, БҚҚК Төрағасының орынбасары Юлия Овечкина «Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020 – 2023 жылдарға арналған жол картасына» сәйкес, БҒМ, ЕХӘҚМ, ДСМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамның (қамқоршылық кеңестер, ата-аналар комитеттері, медиация қызметтері және т.б.)  бірлескен күшімен кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын-алу бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды.  

Анықтама: Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәмелетке толмағандарды зорлық-зомбылықтан және қатыгездікпен қараудан, кәмелетке толмағандар арасындағы қоғамға жат әрекеттерден қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар тұжырымдау мақсатында құрылды. (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 24 мамырдағы N 415 Қаулысы.)

Қазіргі уақытта Қазақстанда 214 комиссия жұмыс істейді, оның 14-і аймақтық, 39-ы қалалық және 161-і аудандық. 2015 жылы жаңа әкімшілік және қылмыстық заңнаманың қабылдануымен кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың профилактикалық рөлі айтарлықтай өсті. Олар қарайтын істер саны да көбейді.