Балаларды зорлық-зомбылықсыз тәрбиелеу

2020 жылдың 19 қарашасында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин «Қазақстан отбасыларындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық: білімді, қарым-қатынастар мен тәжірибені зерттеу» атты зерттеудің екінші кезеңіндегі жұмыс тобының отырысына қатысты. Кездесу ZOOM платформасында онлайн-конференция ретінде өтті.

2016 жылы Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп, «Қазақстан отбасыларындағы балаларға қатысты зорлық-зомбылық: білімді, қарым-қатынастар мен тәжірибені зерттеу» атты зерттеу жүргізген болатын (бұдан әрі – БҚТ зерттеуі). БҚТ зерттеуінің екінші кезеңінің нәтижелері осы төрт жылдағы Қазақстандағы балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты әлеуметтік нормалар мен тәжірибелердегі өзгерістерді анықтауға көмектеседі.

ЮНИСЕФ-тің халықаралық сарапшысы Робин Хаарр кездесуге қатысушыларды – мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін алдымен 2016 жылғы зерттеудің негізгі қорытындыларымен,  кейін зерттеудің жаңа кезеңінің әдістемесімен таныстырды.

Онлайн-конференция барысында Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова мен Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің басшысы Артур ван Дизен де сөз сөйледі.

Өз кезегінде Аружан Саин әріптестерін келе жатқан Дүниежүзілік балаларды қорғау күнімен құттықтады. Ол балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға баса назар аудара отырып, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретіндегі жұмысының бірінші жылының нәтижелері бойынша  қысқаша мәлімдеме жасады. 

Аружан Саин зорлау немесе жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері, балаларға қатысты азғындық, балалар мен жасөспірімдерді балалар порнографиясын жасауға тартқаны үшін жазаны едәуір күшейтуге мүмкіндік берген  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.  Енді балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық фактілерін жасырғаны немесе қылмыстық құқық бұзушылықтың құрбандарын қудалағаны үшін балалар мекемелерінің қызметкерлері мен басшылары да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай жауапкершілік ата-аналар мен қамқоршыларға да қатысты. Бұдан былай осындай  жағдайлар сирек кездесіп, тіпті толығымен жойылады деп үміттенеміз.