Балалар құқықтарын қорғау – ортақ іс

2021 жылдың 13 желтоқсанында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтарының сақталуы туралы» V-VI баламалы/параллельді баяндама дайындау бойынша жұмыс нәтижелеріне арналған «Бала құқықтарын қорғау туралы» ҚР ҮЕҰ Жұмыс тобының баспасөз конференциясына қатысты.

БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитеті (БҚК) – қатысушы мемлекеттерде Бала құқықтары туралы конвенцияның орындалуын қадағалайтын 18 тәуелсіз сарапшыдан тұратын орган. Сондай-ақ БҚК Конвенцияның балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына және балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты екі Факультативтік хаттаманың орындалуын бақылайды.

Барлық қатысушы-мемлекет БҚК-не тиісті құқықтардың жүзеге асырылып жатқаны жайлы  тұрақты есеп ұсынуға міндетті – бастапқы баяндама – Конвенцияға қосылғаннан соң екі жылдан кейін, ары қарай бес жыл сайын мерзімді баяндамалар жасалады. Комитет әрбір баяндаманы зерттейді және «қорытынды ескертулер» түрінде қатысушы-мемлекетке өз пікір-ұсынымдарын береді.

БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы 1989 жылы 20 қарашада қабылданып, 1994 жылдың 12 тамызында  Қазақстан Республикасында ратификацияланды. (Қазақстанда бұл 1994 жылдың 8 маусымы болып саналғанымен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі келісім органдарының деректер базасында осы дата көрсетілген). Алғашқы есеп 2001 жылдың қарашасында,  мерзімді – 2006 жылдың тамыз  (II-III) және 2011 жылдың қараша  (IV) айларында берілген. 2021 жылдың желтоқсан айының соңында Қазақстан Республикасы БҚК-не өзінің V-VI есебін ұсынады.

Мемлекеттік есеппен бір мезгілде баламалы/параллельді баяндама дайындалуда, оны БҚК-не 2002 жылдың қаңтарында құрылған Қазақстанның «Бала құқықтарын қорғау туралы» ҮЕҰ жұмыс тобы ұсынады. V-VI баяндаманы дайындауға 65-тен астам үкіметтік емес ұйым мен тәуелсіз сарапшылар жұмылдырылды.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының (АҚмЗСЖҚХБ) баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясына Балалар омбудсменімен қатар «Қазақстан балалар қоры» ҚҚ басқарма төрайымы Эльвира Ватлина, АҚмЗСЖҚХБ директорының орынбасары, Қазақстанның «Бала құқықтарын қорғау жөніндегі» ҮЕҰ жұмыс тобының үйлестірушісі Роза Ақылбекова, «Қазақстан дағдарыс орталықтары одағы» ЗТБ төрайымы Зүлфия Байсақова, АҚмЗСЖҚХБ заңгері Гүлмира Қуатбекова және ісі балама/параллель есепке енгізілген  кәмелетке толмаған баланың әкесі Виталий Казанцев қатысты.

Баспасөз конференциясы барысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының жұмысты толыққанды жүзеге асыруы үшін қаржылық және кадрлық ресурстары жеткіліксіз екенін атап өткен Роза Ақылбекова: «Өткен жылды қорытындылай келе, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін нығайту бойынша жарияланған ұсыныстардың маңыздылығын атап өту қажет. БҰҰ Бала құқықтары жөніндегі комитеттің №2 Жалпы түсіндірмесінде және Париж принциптерінде талап етілетіндей, оған  адами және қаржылық ресурстарды қалап, заң жүзінде қамтамасыз ету керек», – деді.

Баспасөз конференциясына қатысушылардың жалпы пікірін білдірген Эльвира Ватлина: «Көптеген сын-қатер мен қауіп-қатерге тиімді түрде қарсы тұру үшін балаларды қорғау саласындағы жүйелі мәселелерді шешу қажет. Бұл әрбір ұйымның және әрбір бөлімнің нақты міндеттерімен белгілеп, тең құқылы серіктестік пен құрметке негізделген өзара әрекеттестікті қажет етеді», – деді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен Қазақстанның «Бала құқықтарын қорғау» ҮЕҰ жұмыс тобы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Осыған орай Аружан Саин былай деді: «Балалар омбудсмені қызметіне тағайындалмай тұрған кездің өзінде мен жұмыс тобының белсенділерімен балалар құқықтарын қамтамасыз етудің түрлі мәселесі бойынша тығыз жұмыс жасаған едім. Ал соңғы екі жарым жылда бұл өзара әрекеттестік тек күшейіп, кеңейе түсті. Сондықтан Меморандумға қол қоюды де-факто болған нәрсені де-юре бекіту деп санауға болады. Мемлекеттік және баламалы есептер ары қарай барлық негізгі мәселе бойынша сәйкестене беретініне сенімдімін».