Аутизм: ерте анықтау – тиімді емдеу

2021 жылдың 23 қаңтарында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин 2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі Жол картасын іске асыру шеңберінде аутизмге шалдыққан балаларға жәрдемдесу бойынша ведомствоаралық онлайн-кездесуге қатысты.

Онлайн-отырысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният жүргізді, ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов пен ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың қатысуы кездесуге ведомствоаралық сипат берді.   

Балалар омбудсмені Аружан Саин аутистік спектрдің бұзылуын (АСБ) ерте анықтау, оны дұрыс диагностикалау және тиімді емдеу үшін уақтылы араласу шараларына назар аудартты.  Дәл осы мәселе бойынша ведомствоаралық әрекеттесудің мультипликативтік нәтижесі маңызды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Николай Негай аурулардың Халықаралық жіктемесінің 10-шы қаралымына (АХЖ 10)  сәйкес, психологиялық дамудың жалпы бұзылыстар санатына кіретін аутистік спектрдің бұзылуына шалдыққан балаларға кешенді көмек көрсетудің қазіргі жағдайы мен бағыттары туралы мәлімдеді.  

2017 жылдан бері Қазақстанда АСБ-на шалдыққан балалар саны 1 587-ден 3 541-ге өскен, демек көрсеткіш екі есе артқан.  Бұған бір жағынан ауруды бастапқы кезеңде анықтау мәселесінің жақсаруы, екінші жағынан, аталмыш дертке шалдыққан балаларға кешенді  көмек көрсету шараларының жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін. 

Бұл тақырыптың төңірегінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы бас балалар психиатры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ клиникалық мамандықтар кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Қорлан Сәдуақасова мен  ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ директоры Айгерім Кудеринова да сөз сөйледі.

Кездесуге қатысушылар 2021-2023 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі Жол картасын іске асыру мақсатында психикалық денсаулық орталықтарындағы күндізгі стационарлардың жұмысына тұрақты бақылау, балалардың психикалық денсаулығын сақтау қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді талдау және түзету,  АСБ барлық түріне арналған клиникалық хаттамаларды әзірлеу және бекіту сияқты т.б шараларды ұсынды.