Астанада Балалар жылының қорытындысы жасалды

2022 жылдың 9 желтоқсанында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен «Қазақстандағы балалар жылы: балалар құқығын қорғау саласындағы өзекті мәселелер, негізгі міндеттер мен мүмкіндіктер» атты конференцияға қатысты.

Астанада Венгрия, Қырғызстан, Хорватия, Чехия және басқа да елдердің сарапшыларының қатысуымен «Қазақстандағы Балалар жылы: балалар құқығын қорғау саласындағы өзекті мәселелер, негізгі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» атты конференция өтті. Конференцияның мақсаты – Балалар жылының қорытындысын шығару, халықаралық стандарттарды ескере отырып, алдағы міндеттер мен оларды шешу тәсілдерін талқылау. Гибридтік оффлайн және онлайн форматында өткен шараға БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі кеңсесі, БҰҰ-ның Қазақстандағы Балалар қоры (ЮНИСЕФ), «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ, ҚР Парламенті, ҮЕҰ, мұғалімдер, ата-аналар және балалар өкілдері қатысты.

Қатысушылардың алдында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сөз сөйлеп, мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы қалай жүзеге асырылып жатқаны, ағымдағы жылы қабылданған «Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидалары» мектеп мұғалімдері мен психологтарына қандай көмек көрсететіні, Балалардың хал-ахуал индексі (Индекс) не дейді және психологиялық, медициналық және педагогикалық консультациялардың жұмысы қалай жетілдіріліп жатқаны жайлы айтып берді.

Сонымен қатар БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен сөз сөйледі. Осыдан кейін секциялық бөлімдерде баяндамалар жасалды: «Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру жөніндегі міндеттемелер аясында балаларға арналған мемлекеттік саясат және оны стратегиялық жоспарлау» (осы тұста Еуропалық Одақтың бала құқықтары жөніндегі бағдарламасы сарапшыларының онлайн баяндамаларын атап өткен жөн – Чехияның бала асырап алу және қамқоршылық орталығының директоры Клара Трубачова, Загреб университеті заң факультеті, әлеуметтік жұмыс теориясы мен әдістемесі кафедрасының адъюнкт-профессоры Луция Веймелка), «Балалар мүддесіндегі серіктестік» және «Бала құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру және баланың құқықтары мен бостандығын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды жетілдіру бойынша құқық қорғау институтын нығайту».

Соңғы тақырып аясында сөз сөйлеген Аружан Саин тыңдаушыларға қоғамдық негізде жұмыс істейтінін Қазақстан Республикасындағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты алғаш рет «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» 2002 жылғы 8 тамыздағы No 345-II ҚР Заңының 7-1-бабында бекітілгенін еске салды. Алайда ол 2016 жылдың 10 ақпанында ғана құрылып, 2016 жылдың 9 сәуірінде «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заң Балалар омбудсменінің өкілеттіктерін айқындайтын 7-2-бабымен толықтырылды.

«2019 жылдың 18 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен мен Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалдым, қазір бұл жұмысты денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, юрисдикция сияқты әртүрлі саладағы көптеген маманның, еріктілер мен сарапшылардың қолдауының арқасында қоғамдық негізде атқарып жатырмын. «ДОМ» ҚҚ базасында Уәкіл институтының жұмыс істеу процестері пысықталуда. Барлық ведомство мен деңгейдегі мемлекеттік органдармен ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл, сайып келгенде, Уәкілдің толыққанды институтына алып келетін үлкен азаматтық қозғалыстың көрінісі. Біз азаматтардың өтініштерімен ғана емес, жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған жұмыс құра алдық», – деді Саин.

оның айтуынша, өзара іс-қимыл биліктің барлық тармағымен және барлық деңгейімен жүзеге асады – Президент Әкімшілігінен, Қауіпсіздік Кеңесінен, Үкіметтен, облыс басшыларынан бастап, әкімдіктердің бөлімдеріне, аудандық прокуратураларға, ауруханаларға дейін. Сонымен қатар, балалардың құқықтарын бұзу фактілері бойынша Саин Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Қаржы мониторингі агенттігі сияқты құқық қорғау органдарымен үнемі байланыста болады.

«Бірақ қазір бұл да жеткіліксіз. Себебі 19 миллион халқтың үштен бірі 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар екенін, жыл сайын бала құқықтарының бұзылуы артып бара жатқанын ескерсек, әрине, Уәкілдің мәртебесін, құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ аппараттың жұмысын және Қазақстанның барлық өңірдегі өкілдігін айқындайтын Бала құқықтары жөніндегі уәкіл туралы жеке заң қажет. Тек осы жағдайда ғана балалар омбудсменінде еліміздегі балалардың құқықтарын барынша тиімді қорғаудың барлық құралы болады».

«Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң 2020 жылдан бастап халықаралық құқық мамандарының, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылардың көмегімен әзірленуде. Ол қазір Парламентте талқылаудың барлық сатысынан өтіп жатыр.

«Менен кейін тағайындалатын бала құқықтары жөніндегі уәкіл барлық механизмдер мен құралдарға ие болып, тиімді жұмыс істеуі үшін дұрыс, ең сауатты және сайып келгенде жұмыс істейтін заң әзірлеу өте маңызды», – деп аяқтады өз сөзін балалар омбудсмені.