Ашық қалған балкондар мен терезелер балалар үшін өте қауіпті

Соңғы күндері терезелер мен балкондардан балалардың құлау оқиғалары жиілеп кетті. Мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу мүмкін бе? Бұған жол бермеу үшін ата-аналар қандай ережелерді сақтау керек? Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин осы тақырыппен қатар, үйде және аулада балаларды қандай қауіп күтіп тұруы мүмкін екені жайлы Tengrinews.kz сайтына айтып берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша, күн сайын бүкіл әлемде 2000-нан астам отбасында алдын алуға болатын байқаусызда жарақат алу немесе жазатайым оқиға салдарынан бала өлімі орын алады. Осының кесірінен әлемде жыл сайын 18 жасқа толмаған 1 млн астам бала мен жеткіншек көз жұмады…

Балалар үшін барлық жерде қауіп бар: үйде (ашық терезелер, от, улану, шанышпалы және кескіш заттар), аулада (ойын алаңдары, трансформаторлық будка, жанжал), парктертер мен саябақтарда (тексерілмеген аттракциондар, бұралқы жануарлар, жанжал), тас және темір жолдарда, суда (өзендер, тоғандар, көлдер). Көп жағдайда қайғылы оқиғалар ересектер назарының жеткіліксіздігінен орын алады.

Есігі айқара ашық трансформаторлық будкалар, салбырап тұрған/үзілген сымдар,  жолдағы ашық люктер, мектеп жанында бағдаршамның болмауы, қоршалмаған су қоймалары мен құрылыс алаңдары, саябақтағы қауіпті аттракциондар, сынған ойын алаңдары, жердегі едірейме арматура – мұның бәріне жергілікті атқарушы билік пен олардың мердігерлері жауапты. Демек жоғарыда сипатталған себептерге байланысты қайғылы оқиға орын алып жатса, осы аймақтың инфрақұрылымын бақылауға міндетті адамдар жауапқа тартылуы тиіс.

Негізгі тақырыпқа келетін болсақ, терезеден немесе балконнан құлап кетіп, әлде баланың үстіне перде немесе пердеше түсіп, жарақат алу қаупін азайтуға болады. Егер сіз терезелерді ашық қалдырмасаңыз, өздігінен терезені аша алмайтындай етіп, арнайы тұтқалар мен кілттер орнатсаңыз, терезе маңына жиһаз қоймасаңыз, әрине, ең бастысы – балаңызға деген жауапкершілікті сезініп, оны қараусыз қалдырмасаңыз кез-келген қауіпті алдын алуға болады.

Заңдық деңгейде Ресей бізге жақсы үлгі бола алады. Росстандарттың 2021 жылғы 19 мамырдағы бұйрығымен ГОСТ 23166-2021 «Терезе мен балконға мөлдір қоршау конструкцияларына» жаңа бөлім – «қауіпсіз пайдалану және техникалық қызмет көрсету талаптары» енгізілді, онда тұрғын және қоғамдық ғимараттарда терезе блоктарын пайдалану кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарының тізімі бөлек көрсетілген (балалардың терезеден құлауының алдын алу). Бұл талаптарға сәйкес, енді терезелерде балалар құлпы және арнайы керек-жарақтар болуы керек. Күзден бастап бұл талаптар күшіне енеді және бұл жаңа ғимараттар үшін ғана емес,  барлығы үшін міндетті болады.

Балалар қауіпсіздігі тақырыбын кеңейте отырып, тағы көп нәрсе айтуға болады. Ата –аналарға өртке қауіпті, тұрмыстық химия және өткір заттарды баланың қолы жетпейтін жерге тығу, электр розеткалары мен терезелерді арнайы бітеуішпен жабу, баланы ет тартқыш, қайнап тұрған  кастрюль және т.б қауіпті заттардың жанында жалғыз қалдырмау сияқты ережелерді сақтау керек.

Балаға жастайынан мінез-құлық және қауіпсіздік ережелерін түсіндіру қажет, десе де бір түсіндіргеннің жеткіліксіз екені бәрімізге мәлім.  Ең бастысы – бұл ережелерді ересектердің өздері де бұлжытпай орындауы керек. Ақыр соңында, егер ата-ана қызыл түсті бағдаршам жанып тұрған кезде немесе тиісті емес жерде жолдан жүгіріп өтетін болса, балаға еш тыйым әсер етпейді. Сонымен қатар, бұл бүкіл тәрбие беру үдерісіне күмән келтіреді, яғни бала бұдан былай ата-анасына сенбейтін болады.

Ересектердің уайымы көп, кейде ата-аналар балаға қауіпсіздік ережелерін үйрету керектігін ұмытып кетеді. Сондықтан 2021 жылдың наурызында Балалар омбудсмені Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне балалардың жарақат алуын және өлім қаупін төмендету мақсатында мемлекеттік ақпараттық саясатқа ересектер мен балаларды ағартуға бағытталған контент (бағдарламалар, деректі фильмдер мен хикаялар) енгізу туралы сауал жіберген болатын.

Tengrinews.kz сайтындағы жарияланымды қараңыз – «Бала терезеден құлап кетпеуі үшін не істейміз?»