ArtSport реформасы азаматтық қоғам кемелденуінің көрсеткіші ретінде

2022 жылдың 20 маусымында балалардың спорты мен шығармашылығын жан басына шаққандағы мемлекеттік қаржыландыру реформасы бойынша қоғамдық тыңдауға  Қазақстанның барлық өңірінен 300-ге жуық қызмет көрсетуші мен ата-ана қатысты. Жиналған жұрт ArtSport реформасын жүзеге асыруға жауаптыларды сөзге шақырды, алайда әкімдік қызметкерлері де, жарияланған Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев та халықпен сөйлесуді қажет деп санамады… 

Нәтижесінде халықтың сұрақтарына МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова мен МСМ спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов жауап беруге мәжбүр болды. Әрине, олар балалар қатысып жүрген секциялар мен үйірмелерді қаржыландыру және жаңа балаларды тарту арқылы бағдарламаны кеңейту секілді ең өзекті мәселелерге түсініктеме бере алмады. МСМ шенеуніктері тарифтерді екі есе төмендету,  әр балаға тиісті екі үйірме мен секцияны бірге дейін қысқарту және спорт пен шығармашылықтың санын екі есеге азайту сияқты өз түзетулеріне қатысты сұрақтарға да жоламады. Бірақ олар әкімдіктердің мемлекеттік бақылауды енгізуі және қызмет жеткізушілеріне 60 мыңнан 300 мың теңгеге дейін әкімшілік айыппұл салу туралы мәселені ықыласпен көтерді.

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Аружан Саин бұл оқиғаға қатысты былай деді:

Мен бұл шарада болған жоқпын, бірақ тікелей эфирді көргеннен кейін былай дегім келеді. Жақында мемлекет басшысы Қазақстанда кемел азаматтық қоғам қалыптасқанын айтты. Және ол рас айтады!  Өнер үйірмелері мен спорт секциялары арқылы балалардың жан-жақты даму құқықтарын қорғай отырып, азаматтарымыз шенеуніктерге халық үшін ең маңыздысы адам капиталына – балаларға, олардың денсаулығына, мәдениетіне және біліміне инвестиция салу екенін өте орынды және сындарлы түрде дәлелдеп отыр.

Ата-аналар секциялар мен үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алған балаларының қалай өзгергені, жаңа дос тапқаны, смартфонға үңілу мен көше аралауды доғарып, жақсы оқи бастағандары жайлы айтты. Еңбегі тым төмен бағаланып жүрген жаттықтырушылар мен педагогтардың реформаға шын сенгені де шабыттандырады. Олар өздерін ең игі іске – бала тәрбиесіне арнау мүмкіндігіне ие болды. 

Даусыз түсінікті заттарды дәлелдеуге тура келетіні таңқалдырады: Қазақстан үшін әрбір баланың таланты мен қабілетін жүзеге асыру өте маңызды, ал ол үшін – облыстық бюджеттерді жоспарлауға дұрыс басымдық беру қажет. Естеріңізге сала кетейін, бұл қаржы барлық салық төлеушілердің ақшасынан жиналады!

Соңғы жылдары көптеген мәселе шешіле бастады, бірақ дәл осы реформа жүйені өзгертуге болатынын анық көрсетті. Әрине, мемлекеттік жүйе қарсылық көрсетеді, өйткені, шенеуніктер ескі әдіспен жұмыс істеуге дағдыланған. Бірақ азаматтардың белсенділігі міндетті түрде нәтиже береді, себебі халық өз Президентіне сенеді! 

Мемлекет басшысы мен ел азаматтары күш салып, үдерістерге ықпал ете отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлының соңғы жолдауында айтқанын іс жүзінде жүзеге асыра алады деген ойдамын. 

— Еңбек, білім және азаматтық белсенділік еліміздің тұрақты дамуының негізгі қозғалтқышына айналуы тиіс. Тек осылай ғана біз өзін-өзі қамтамасыз ететін орта тап пен тиімді экономика құра аламыз. Мұндай экономика кірістерді әділ бөлуге, сапалы жұмыс орындарын құруға, өмір сүру деңгейін тұрақты арттыруға және барлық азаматтардың өзін-өзі толық жүзеге асыруына бағытталатын болады.

Мемлекеттік аппаратты толық жаңғырту және бюрократияландыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасады. Біз бүкіл қоғамның үміті мен сұранысына жауап беретін озық мемлекет құруымыз керек. Басқару жүйесінің тиімділігі қол жеткізілген нәтижелермен анықталатын болады. Мемлекеттік аппарат жұмысының басымдылығы бизнеспен, қоғамдық ұйымдармен және азаматтармен тығыз өзара іс-қимыл болуы тиіс. Бұл ел мүддесіне сай шешімдер қабылдауға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметшілердің қызметі барынша ашық және азаматтарға шынайы есеп беруге тиіс. Мемлекеттік қызмет – бұл жеке баюдың орны емес, өз халқының алдындағы ерекше жауапкершілік.

Мемлекет басшысының айтқанының бәрі ArtSport реформасында іске асырылады. Және бұл таңқаларлық емес, өйткені даму мүмкіндіктері, балалардың бос болмауы, олардың туған еліндегі тең құқықтары – бұл БАРЛЫҚ азаматтарға қатысты. Ал азаматтық қоғамның кемелдену процесі басқа да мәселелерді шешуге ұласады.

Шешім қабылдаушылар мұны неғұрлым тезірек түсініп, тез тәртіп орнатып, халықтың қаражатының тиімді пайдаланылуына жауапкершілік айқындалса, соғұрлым әлеуметтік әділеттілік орнайды.

Эфирді  қараңыздар: МСМ аясында өткен қоғамдық тыңдауларға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден астам адам жиналды. Уақыты мен қаражатын жұмсап келген халықтың үнін билік естиді деп үміттенемін.

Президентіміз 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында ArtSport реформасына өзіндік бата берген еді:

— Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы жағдайында кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен ұстаудың мағынасы жоқ. Мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен миллиардтаған теңге тиімді жұмсалмайды. Бұқаралық спортқа, дене шынықтыруға және, әрине, балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Балалар мемлекетіміздің болашағы емес пе?! Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша да бағалаймыз.

ArtSport = Жаңа Қазақстан!

Тікелей эфирдің бейнежазбасы YouTube видеохостингінде

https://youtu.be/doyOSmHXpVA сілтемесі бойынша қолжетімді.