Әлеуметтік қызмет көрсету бірінші кезектегі мәселе

2021 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту Тұжырымдамасын талқылауға қатысты.

Кездесу ZOOM платформасында онлайн режимінде Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өтініштерін қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өтті.

Үкімет Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарды 2019 жылдың мамыр айында бекітіп қойғаны жайлы  мәлімделді.

2020 жылдың 4 желтоқсанында Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейінгі әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоспардың жобасы ұсынылды, арнаулы әлеуметтік қызметтер саласын жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға көшіру тәсілдері және әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің «Әлеуметтік қызметкерлердің құқықтық мәртебесі» бөлімі талқыланды.

Пікірталас барысында Аружан Саин болашақ азаматтардың толық физикалық, ақыл-ой және рухани дамуына жағдай жасалатын балалық кезіне қатысты мәселелерге ерекше тоқталып өтті.

Мұнда бәрі маңызды – жүкті және бала емізетін әйелдердің денсаулығын сақтау әрі нығайту, балалардың денсаулығы мен когнитивтік дамуын қолдау, спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелер арқылы барлық баланың физикалық және мәдени дамуына тең мүмкіндік беру,   мүмкіндігі шектеулі балаларды коррекциялық қолдау.