Әлеуметтік жұмыстарға басымдық беру

2020 жылдың  30 қарашасында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның қатысуымен әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары бойынша Ведомствоаралық кеңестің онлайн-отырысы өтті.

Еске сала кетейік, әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары бойынша Ведомствоаралық кеңес Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 19 желтоқсандағы № 555 бұйрығымен құрылған болатын. Содан бері оның көмегімен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы көптеген мәселені шешуге мүмкіндік туды…

Мәселен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің көмегімен омыртқа жарығы (spina bifida) диагнозы қойылған балаларға катетер сатып алынды. Бұл балалар катетерлерсіз өмір сүре алмайды. Ал әкімдіктер болса аталмыш құрылғыларды  белгісіз  себептермен алдын ала сатып алмаған. Сондай-ақ, бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, кохлеарлы импланты бар балалардың мәселесі шешілді: енді имплантты жаңасына ауыстырған кезде сөйлеу процессоры балада қалатын болды. 

Жүргізілген жалпы мониторинг медициналық-әлеуметтік мекемелердегі балалардың шынайы жағдайын көрсетті. Осы тексерудің нәтижесі ретінде жағдайды түбегейлі жақсартуға және балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені әзірленді.

Әрине, әлі талай жұмыс атқару керек. Заңға және нормативтік құқықтық актілерге жүйелік өзгерістер енгізілмей шешімін таппайтын бірқатар мәселе бар. Бірақ біз бұған ұмтылуымыз керек.