Әлеуметтік қызметтерді жаңғырту – күн тәртібінде

2020 жылдың 3 желтоқсанында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) вице-министр Ерлан Әукеновтың төрағалығымен және Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның қатысуымен әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары бойынша Ведомствоаралық кеңестің отырысы өтті.

Іс-шара жергілікті атқарушы органдар, еліміздің медициналық-әлеуметтік мекемелері, Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес, экономикалық және сапалы жұмыспен қамту, әлеуметтік оңалту, әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі мен жұмыс тобы өкілдерінің қатысуымен өтті.

Кеңесте ЕХӘҚМ өкілдері бейнеконференцбайланыс режимінде ҚР-да әлеуметтік қызмет көрсетуді одан әрі жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының жобасын, арнаулы әлеуметтік қызметтер саласын жан басына нормативтік қаржыландыруға көшу тәсілдерін, Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің «Әлеуметтік қызметкерлердің оң мәртебесі» бөлімін жұртшылыққа таныстырды.

Аружан Саин өз сөзінде қазіргі таңда қоғам өміріне жүйелі өзгерістер еніп жатқанын, олардың ұлттық жоспарда көрініс тапқанын атап өтті:

– Біз балалардың мүгедектігін азайту жөніндегі жол картасын қабылдадық. Одан бөлек скринингтік диагностика сатысында қажетті медициналық және педагогикалық көмек алу үшін мүмкіндігі шектеулі балаларға кешенді көмек көрсету жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған жол картасын қабылданды. Бұл дегеніміз балалардың төлемдерге, техникалық оңалту құралдарына және әлеуметтік қызметтерге мұқтаждығын төмендетуге ықпал етуі тиіс. Жол картасы 3 жылға есептелген, оны келесі жылдан бастап іске асырамыз. Бізді барлық мүдделі орган қолдайды деген үміт бар, өйткені бұл бәрімізге ортақ іс. Шешілуі қажет маңызды міндеттердің бірі – әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесі мен жағдайы. Егер біз кәсіби кадрларды тартпасақ, адамдардың өз жұмысына деген ынтасын қолдамасақ өзгеріс жасау қиын. Сондықтан мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруді толықтай құптаймын және мұның мүмкіндігінше тезірек болғанын қалаймын.

Ұлт жоспары жобасын ұсынған ЕХӘҚМ әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту Департаментінің директоры Дәмежан Садвокасова Қазақстан Республикасы Президентінің рөлін ерекше атап өтті:

– Мемлекет басшысының Жолдауын орындау аясында «Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру» бағыты белгіленгенін атап өткім келеді. Осы жұмыс шеңберінде бізде Әлеуметтік жұмыс мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңес жұмыс істейді. Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурс орталығы құрылды. Әлеуметтік қызметтер порталы енгізілді, барлық өңірде отбасын қолдау орталықтары құрылды.

Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға көшуге қатысты Дәмежан Сәдуақасова мұндай модель балабақшаларда, мектептерде, емханаларда және т. б. іске асырылғандай «ақша клиенттің соңынан ереді» қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретінін айтты. Оның айтуынша, нәтижесінде еліміздің медициналық-әлеуметтік мекемелерінде бәсекелестік пайда болады, содан әлеуметтік қызметтердің жаңа түрлері енгізіледі. Бұдан басқа, мұндай тәсіл қолда бар материалдық-техникалық, кадрлық және қаржылық ресурстарды оңтайландыруға және әлеуметтік қызметтерді алушылардың, өнім берушілер мен мемлекеттің мүдделерін біріктіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің «Әлеуметтік қызметкерлердің оң мәртебесі» тарауының таныстырылымымен ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов сөз сөйледі. Ол әлеуметтік қызметкер мәртебесін арттыру үшін мынадай шаралар қабылданатынын атап өтті: «әлеуметтік қызметкер» ұғымы айқындалып, мәртебесі заңнамалық түрде бекітілетін, тіркеу және аттестаттау арқылы әлеуметтік қызметкерлерді есепке алу жолға қойылатын, біліктілік санаттарын беруге қойылатын талаптар арттырылатын, кадрларды даярлау және үздіксіз білім беру деңгейі жетілдірілетін болады. Айта кетейік, қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік қызметкерлер тестілеуден өтуде. Ағымдағы жылдың 5 желтоқсанына дейін шамамен 12 мың адамды сынақтан өткізу жоспарлануда.