Адам құқықтары күніне орай Қазақстан омбудсмендерінің кездесуі

2022 жылдың 9 желтоқсанында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин адам құқықтары күніне (10 желтоқсан) орай ұйымдастырылған «Диалог алаңы: қазіргі жағдайдағы омбудсмен институтының дамуы, келешегі, әлеуеті» атты Қазақстан омбудсмендерінің іс-шаралар презентациясына қатысты.

1948 жылы 10 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясын қабылдады. Содан бері 10 желтоқсан бүкіл әлемде Адам құқықтары күні ретінде аталып өтеді. Осы оқиғаның 75 жылдығына орай 2023 жыл адам құқықтарын қорғауға байланысты іс-шараға толы болмақ.

«Диалог алаңы: қазіргі жағдайдағы омбудсмен институтының дамуы, келешегі, әлеуеті» атты Қазақстан омбудсмендері қызметінің презентациясы да Балалар құқықтарын қорғау күніне орайластырылды. Іс-шара БҰҰ-ның Астанадағы кеңсесінде гибридті офлайн және онлайн форматта өтті.

Шараны Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова жүргізді.  Уәкіл өз сөзінде шараның басты мақсаты белгілі бір құқықтармен айналысатын қазақстандық омбудсмендерді халықаралық қауымдастыққа таныстыру деп атап өтті. Ол 5 қарашада «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының қабылдануын 2022 жылдың маңызды оқиғаларының бірі ретінде атады. Осы заңға сәйкес, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 17 өкілі өңірлерде өз жұмысын бастап кетті. Қазақстанда Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен, банк омбудсмені және сақтандыру омбудсмені институттары бар, Ғылым және жоғары білім министрлігінде студенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл (студенттер омбудсмені) лауазымы құрылды, мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкілдер жұмыс істейді, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мүгедектердің құқықтары жөніндегі уәкіл институтын құру мәселесін қарастыруда.

«Біз үшін ынтымақтастығымыздың тиімді болуы өте маңызды. Мұндай институттардың сан алуандығы, нәтижесінде, адам құқықтары саласындағы конституциялық кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз етумен байланысты бүкіл процеске теріс әсер етпеуі керек. Халық Омбудсменге қашан хабарласу керектігін біліп, құқықтарды қамтамасыз етуге нақты үлес қосуы керек. Бүгінгі таңда адам құқықтарын қорғау саласы ұлттық құқық қорғау институттарының мандатында ғана емес, мемлекеттік органдардың міндеттерінде де айқындалған. Бұл тұрғыда біз үшін мемлекеттің қолдауына ғана ие болу емес, азаматтардың осы мекемелерге деген сенімін ояту маңызды», – деп түйіндеді өз сөзін Эльвира Әзімова.

Сондай-ақ шарада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді,ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев және Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) тұрақты өкілінің міндетін атқарушы Сухроб Ходжиматов қатысушылардың алдында сөз сөйледі.

Осыдан кейін сессиялық баяндамалар басталды. I сессия «Ұлттық адам құқықтары институтының рөлі, халықаралық қоғамдастықпен өзара іс-қимыл туралы» тақырыбына арналды. Онлайн баяндама жасағандар – Қырғыз Республикасының Акыйкатшысы (Омдусмен) Атыр Абдрахматова, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Феруза Эшматова, Түркия Республикасының Бас омбудсмені Шереф Малкоч, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ), ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы, Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы (Венеция комиссиясы), Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҚҰ) өкілдері және БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары (БҰҰ БЖКБ). Сессия кезінде БҰҰ-ның азаптауды болдырмау жөніндегі кіші комитеті төрағасының орынбасары болған халықаралық сарапшы Виктор Захария  (Молдова) сөзімен аяқталды.

Екінші сессия «Омбудсмен институтының әлеуетін арттыру» тақырыбына арналды. Оның аясында Банк омбудсмені Марат Сатубалдин, сақтандыру омбудсмені Андрей Копов, студенттер омбудсмені Айсұлу Ерниязова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Руслан Жұманов, ҚР Оқу-Ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары  Элина Паули сөз сөйледі.

Балалар омбудсмені Аружан Саин 5 минуттық баяндамасын балалар құқығының бұзылуына қатысты азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың өтініштерінен бастап, жалпы жұмысындағы өзекті мәселелерге арнады. Сондай-ақ ол 2020 жылдан бастап халықаралық құқық мамандарының, ҮЕҰ мен сарапшылардың қатысуымен әзірленген «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасы бойынша Парламентте қандай жұмыс жүріп жатқанын айтып берді.