Алматы қаласында туа біткен омыртқа аномалиялары бар қазақстандық балаларға  № 2 Балалар ауруханасының және Германияның «Шарите» клиникасының хирургтері бірлескен операцияларды жүргізді

Қазақстандық омыртқа аномалиясымен туылған балалар Алматы қаласындағы №2 Қалалық клиникалық балалар ауруханасында неміс профессоры, Берлин қаласындағы «Шарите» балалар клиникасының бөлім меңгерушісі Ульрих Вильгельм Томале және аурухана нейрохирургтар командасымен бірлесе отырып ота жасады.


Күрделі омыртқа аномалиялары, туа біткен жұлын дамуының ауыр ақаулары, миеломенингоцеле (Киари II аномалиясы) сияқты омыртқа жарығымен зардап шегетін жеті кішкентай науқасқа бірегей операциялар жасалды.Бұл аурудың ең ауыр және кең таралған түрі, онда жұлын және оны қоршаған нервтер терідегі ақау арқылы сыртқа шығып тұрады. Осы түрінде жұлын амниотикалық сұйықтықпен жанасып, оның механикалық және химиялық зақымдануына себеп болады.

Қызылорда облысының тұрғыны Жайна қызы Аишаны дәрігерлер көмектеседі деген үмітпен алып келді. Бірнеше жыл бұрын қызында жұлын жарығы анықталып, уақыт өте келе бұл ауру баланы мүлдем сал қылды. Аиша өздігінен жүре алмайтын және қалыпты өмір сүре алмайтын жағдайға жетті.


«Қызымның жұлын жарығы бар. Құлаққа бейкүнә естілетін диагноздың артында, шын мәнінде, қауіпті ауру жатыр, соның салдарынан қызымның қол-аяғы істемей қалды, ол қалыпты түрде жүре алмайтын болды. Біз бұл ісікті, жарықты алып тастайды деген үмітпен келдік, өйткені ол қысым жасап қызымның қалыпты өмір сүруіне  кедергі келтіреді. Осы операцияны асыға күттік, «Милосердие» ерікті қорының қолдауымен осында болу мүмкіндігіне ие болдық. Барлық хирургтерге алғысымыз шексіз, біз жақсы нәтиже болады деп үміттенеміз!», – деп бөлісті қыздың анасы.


Қазақстандық дәрігерлердің айтуынша, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас серіктестігінің қолдауымен «ДОМ» Қоғамдық Қорының  ұйымдастырған осындай мастер-класстар қазақстандық балаларға сапалы өмір сүруге мүмкіндік береді.


«Бұл жолы біз Ульрих Томалемен бірлесе отырып, Spina Bifida туа біткен аномалиялары бар балаларға мастер-класс және омыртқаға жасалатын күрделі операциялар сериясын жоспарлап, өткіздік. Егер хирургиялық ем жасалмаса, неврологиялық жетіспеушілік уақыт өте келе күшейе береді. Бұл операциялардың тағы бір ерекшелігі – олар жоғары дәлдікті техниканы ғана емес, сонымен қатар ұжымдық жұмысты да қажет етеді», — деді Алматы қаласы № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.

Мастер-классқа Алматы қаласынан ғана емес, сонымен қатар Қарағанды, Орал, Ақтөбе, Қызылорда, Өскемен қалаларынан да қатысушылар жиналды. Сондай-ақ, көршілес елдерден – Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген мамандар да қатысты. Қазақстанның барлық облыстарынан мамандар мастер-класқа онлайн қатысып, оның соңында сертификаттар алды.


Бес күндік мастер-класс барысында нейрохирургтер науқастарға операция жасап, кеңес беріп, барлық балалардың жағдайы жақсы екеніне көз жеткізді. Семинардың теориялық бөлімінде дәрігерлер күрделі ауруларды емдеудің заманауи әдістерін талқылап, өздерінің көпжылдық тәжірибелерінен практикалық мысалдармен бөлісті.

 «2014 жылы мен Қазақстанға алғаш рет келдім. Дәл сол кезде дарынды жергілікті хирургтермен танысып, содан бері біздің достық қарым-қатынасымыз нығая түсті. Қазақстандық әріптестеріммен ынтымақтастық мен үшін өте нәтижелі, біз өзара тәжірибе, жаңа әдістер мен технологиялармен бөлісеміз. Мен барлық қазақстандық дәрігерлерге кәсіби өсуді және олардың игі еңбектерінде табыс тілеймін! Ал операция жасалған балаларға тез сауығып, мықты денсаулық тілеймін!» – деп бөлісті неміс профессоры Томале.


Сондай-ақ, бұл іс-шара Қазақстан қалаларынан және облыстық клиникаларынан келген 15 маманға біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік берді.