Балалары мен немерелері мемлекет есебінен сүйікті спорт және шығармашылық түрлерімен айналысқанын қалайтын ата-аналар мен ата-әжелерге айтар жақсы жаңалығымыз бар!

2020 жылдың 9 желтоқсанында Парламенті Мәжілісінің (төменгі палатасы) жалпы отырысында  Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинның ұсынысы бойынша әзірленген Заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес бюджеттік қаражат мемлекеттік тапсырыс бойынша спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге қызмет көрсететін меншіктің барлық нысанындағы  жеке ұйымдарға  (ЖК, ЖШС және т.б.) бағыттайды.  Енді олар өз кезегінде  ақшаны баланың ата-анасынан емес, мемлекеттік тапсырыс бойынша алады. 

Осы мақсатта  шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына шаққандағы нормативті қаржыландыру негізінде мемлекеттік шығармашылық және мемлекеттік спорттық тапсырыстарды реттеу нормалары енгізілуде.

Заң қабылданған жағдайда республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру талап етілмейді. Қаржыландыру тек жергілікті билік органдарының спорт пен мәдениетке арналған қолда бар бюджеттерін тиімді жұмсау арқылы жүзеге асырылады.   

ҚР Президенті Әкімшілігі мен ҚР Қаржы министрлігі  басшылығының, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың және ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің жұмысына лайықты баға беру керек.  Олардың қолдауы заң жобасының бірінші кезеңінен өтуге мүмкіндік берді.

ҚР Парламентінің Сенаты (жоғарғы палатасы) мен мемлекет басшысы да әкімдіктерді бюджет қаражатын балаларымыздың қажеттіліктеріне бағыттауға міндеттейтін жаңа заңды қолдап, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап (кейбір жерде ертерек) спорттық секциялар мен көркемөнер үйірмелері тегін болады және  осы секциялар мен үйірмелер қызметін ұсынып отырған процестің барлық қатысушысы (жеке ұйымдарды қоса алғанда) ақшаны ата-аналардан емес,  мемлекеттік тапсырыс бойынша алады деп үміттенеміз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдауында білім мен тәрбие мәселелеріне тоқталып: «Заманауи әлемнің шынайылығы балалар үшін қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан олардың күш-жігерін дұрыс бағытқа қою өте маңызды. Себебі балалар – біздің мемлекетіміздің болашағы. Әкімдердің жұмысын осы өлшем бойынша бағалайтын боламыз», – деген еді.

Балаларымыздың  лайықты тәрбие мен білім алып, өз қабілеттері мен таланттарын жетілдіру құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған Президенттің тапсырмалары міндетті түрде орындалуы тиіс.

PDF «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы